№ 3 қалалық ауруханада ішек жұқпасының алдын алу мәселесі талқыланды

№ 3 қалалық ауруханада ішек жұқпасы инфекциясының таралуына тосқауыл қоюға арналған семинар өтті, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 
Оған аурухананың барлық бөлімшесінен 83 медицина қызметкері қатысты. Ақ желеңділер алдымен пре-тест, ал кездесу соңында пост-тест толтырды. 
Әсіресе, жаз мезігілде жіті ішек аурулары белең алатыны белгілі. Сондықтан гинекология бөлімшесі аға мейірбикесінің міндетін атқарушы О. Қожанова этиологиялық факторлармен байланысты жұқпаның клиникалық белгілері мен ерекшелігі жөнінде тұсаукесер ұсынды. Слайд материалдарында жұқпаның таралу жолдары мен аурудың алғашқы белгілері көрсетілді. Ішек жұқпасы адамзат арасында таралған түрлі аурулардың 25 пайызын құрайды. Бұл – дизентерия, сальмонеллез, ботулизм және т. б. 
Тексеру кабинетінің мейірбикесі Г. Абылқайырова болса, тексеруге алынатын талдама материалдарының ережелеріне тоқталды. Аталмыш дерт бойынша клиникалық диагноздың қойылуы зертханалық тексерумен дәлелденуі керек. Ем жасау кабинетінің мейірбикесі А. Уахитова қолды дұрыс жуу алгоритмін көрсетті.
Айта кетерлігі, ай сайын өткізілетін мұндай шаралар медицина мейірбикелеріне өз білімдерін шыңдап, тәжірибелерін нығайтуға септігін тигізеді.

Поделиться
+1