Баянауыл ауданында ашылған «Баянтавр-2014» мектебінің оқушылары Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариевтің авторлық тренингісіне қатысу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан және Ресей елдерінің 104 белсенді жасы «Көшбасшылық теориясы. Жалпы тәсілдер» тақырыбы аясындағы шеберлік сыныбына қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары «Екі кеменің басын ұстаған суға кетпейді» атты іскери ойын өткізіп, ұл-қыздарды көшбасшыға тән қасиеттерге баулыды. Сонымен қатар алдыңғы шепте жүретін көшбасшы үшін жоспарлау, сараптама жасау, бәсекеге қабілетті болудың әдіс-тәсілдерін үйретті. «Еңбек еткен ғана жетістікке, жеңіске жетеді. Тәуелсіз елдің өкілі ретінде біз, жастар, өз болашағымызды жоспарлай аламыз. Оған мемлекетіміздің 2030 және 2050 жылдарға дейін жүзеге асырылуы тиіс стратегиялық жоспарларымыз дәлел бола алады. Егер жастар жоспарлау технологиясын меңгерсе, нұр үстіне нұр болары анық. Осы шарада жастарды өз өмірін 10 жылға алға жоспарлауды үйреткім келеді. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын», - деді Арын Амангелдіұлы.
