Қарағандыда автобус жүргізушісі жолаушыны 10 метр жерге дейін сүйреген

Қарағандыда тапа-тал түсте жолаушылардың бірі автобустың астында қалды. Қаладағы №19 автобус тізгінін басқарған жүргізуші 52 жастағы азаматтың қолын есікке қыстырып, 10 метр жерге дейін сүйреген.

Ол аздай, көлігімен жолаушының қолын жаншып өткен.

Жағдайды өз көзімен көрген қала тұрғыны Ақмарал аялдамаға автобустан түсем деген жолаушы тек аяғын ғана сыртқа шығарып үлгергенін айтады. Қоғамдық көлік жүргізушісі қолы есікке қысылған азаматтың жанайқайын елемеген, тек жолаушылар шулағаннан кейін ғана тоқтапты.

"Жүргізуші есікті жапқан кезде әлгі азаматтың қолы есіктің ішкі жағында қалып қойды. Жүргізуші елемей ары қарай жүре берді. Адамдар жүгіргеннен кейін есікті ашып еді, ана ер адам жерге құлады. Сол кезде автобус артқы дөңгелегімен оның қолын басып жүріп кетті", - дейді куәгер Ақмарал Балтабай.

Келеңсіз жайттан кейін ауруханаға түскен Александр Кимге жедел ота жасалыпты. Қазір жансақтау бөлімінде жатқызылған зардап шегушінің тағдыры қыл үстінде көрінеді.

Өйткені "ісіктің беті қайтпаса, науқастың сол қолын түгелімен алып тастауға тура келеді" дейді дәрігерлер.

Ал бір адамның обалына қалған жүргізуші жұмыс істейтін автопарктің өкілдері болса, керісінше жолаушының өзіне кінә артуда. Мекеме басшылығы болған оқиғаны жолаушының ішімдік ішіп алғанымен байланыстырып отыр.

Поделиться
+1